ОНЛАЙН ӨМІРДІҢ ПАЙДА-ЗИЯНЫНА ИСЛАМ ЭТИКАСЫ ТҰРҒЫСЫНАН КӨЗҚАРАС
ОНЛАЙН ӨМІРДІҢ ПАЙДА-ЗИЯНЫНА ИСЛАМ ЭТИКАСЫ ТҰРҒЫСЫНАН КӨЗҚАРАС

XXI ғасыр – технология мейлінше дамыған, ақпарат алмасу жеңілдеген ғасыр. Біз жұрт болып бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылуға тырмысып жатырмыз. Ашық ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатқандықтан баршамыз күнделікті өмірде жаңа технологияларды, ақпарат алмасу құралдарын, соның ішінде әлеуметтік желілерді жиі қолданып жүрміз. Бұл құралдар адамзат өмірін біршама жеңілдетті деуге негіз бар. Себебі, біз бұрынғыдай шалғай жерлерден хабар алысқанда айшылық алыс жол жүрмейміз. Жердің бір шетінде отырып екінші шетіндегі адаммен тілдесе береміз. Бірақ бұл технологиялар пайдасымен қоса зияны да орасан. Осы технологияларды қолдану барысында оның адамға тигізер зиянын ислам этикасы тұрғысынан қарастырып көрсек.

Онлайн әлем – (жасанды әлем, электронды кеңістік) техникалық құралдардың көмегімен құрылған адамға көру, есту секілді сезімдер арқылы берілетін жасанды әлем. Онлайн әлем пайдаланушыларға жай ғана виртуалды әлемдегі фантастикалық өмірді құруға және басқаруға мүмкіндік береді.

Жалпы дін арқылы қоғам рухани дамиды. Діннің адам өмірі және қоғамның іс-әрекеті мен мінез-құлқын түзеудегі рөлі орасан зор. Этика сөзінің исламдағы баламасы ретінде ахлақты алсақ болады. Ал ахлақ сөзінің мағынасы мінез, сезім, дін, жаратылыс, табиғат деген мағыналарға келеді. Ахлақ сөзі хулқ сөзінің көпше түрі. Бұл сөз болмыс, адамның жағымды-жағымсыз мінез-құлықтары, психикалық және рухани қабілеттерінің жиынтығы [1, 6 б]. Енді әлеуметтік желілердің адамға тигізер кейбір зияндарына тоқталып өтелік:

1.  «Біреудің мінін көргенше, жамандығын тергенше...». Кісінің кемшілігін сыртынан өзгелерге таратуды, айтуды ғайбат дейді. Құранда Алла тағала: «...Бір-бірлеріңді аңдымаңдар және біріңді-бірің ғайбаттамаңдар! Қайсыбірің өлген бауырының етін жегенді ұната ма? Әнеки, бірден жиіркендіңдер. Ендеше, Алладан қорқыңдар...» [2] – деу арқылы ғайбаттың қандай жиіркенішті іс екенін баяндап, одан бойды алыс ұстауды ескертуде. Алла елшісі (с.а.с): «Алла бір мұсылманға екінші мұсылманның қанын, малын және ар-намысын харам қылды», – деген [3]. Яғни, бұл жерде сөз арқылы басқа мұсылманға зиян тигізу – харам екені айтылған. Исламда ғайбат айтудың, жала жабудың датталу себебі, адамдар арасындағы бірліктің, қоғамның берекесін кетіретіндігінде жатыр. Ислам ахлақы бойынша ғайбаттаушы адам Алладан және жамандаған адамынан кешірім сұрауы тиіс. Бірлікті бұзатын амалдар жасау, кішкентай нәрселерді үлкейтіп сөз тартысу, өсек айтып жамандау – исламда жат сипаттар санатында. Өзін мұсылман санайтын әр адам онлайн өмірде қоғамның бірлігін бұзатын мұндай әрекеттерден барынша аулақ болуы қажет [4, 701 б].

2. Көп сөзден аулақ бол. Кейде әлеуметтік желі қолданушылары өз тілім не айтсам да өзім білемге салып әркімнің жазбасының астына керек емес, бос пікірлер жазып немесе ұятсыз ақпараттармен бөлісіп жатады. Бұл әдеттер де ислам этикасы құптамайтын әдеттердің қатарына жатады. Көптеген хадистерде ұялу шын имандының белгісі екендігі айтылған. «Ұят тек жақсылық әкеледі», «Расында, ұялу – иманнан», [5] – деген хадистерден ұяттың адамдарға тек жақсылық әкелетіндігі айтылған. Басқа бір хадисте: «Ұялу мен аз сөйлеу – иманның белгілері. Бұлар адамды жәннатқа жақындатып, тозақтан алыстатады. Арсыздық пен бос сөз – шайтан ісі. Бұлар адамды тозаққа жақындатып, жәннаттан алыстатады», – деген [6]. Пайғамбарымыз (с.а.с) үмбетінің арасындағы ұяты кем қарттардың болатынын айтып қатты қынжылған. Өйткені, олар негізінде қоғамның тәрбиешісі болуы керек. Тәрбиші бұзылса, тәрбиеленушінің де жақсы болмасы анық. Қариялардың бұзылуы – қоғамды дұрыс бағытқа бастаушының жоқтығының белгісі. Алла адам баласына ар-ұят сынды мінез берсе, оны күнәдан бойын аулақ ұстасын, адамгершіліктен аттамасын деп берген. Ғаламның рақым нұры, Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с) тәрбиесін алған сахабалары ұятты болудың үлгісін көрсете білген. Оған дәлел Осман (р.а) еді. Алла елшісіне және сахбаларына ерушілер тура жолдан адаспасы айқын. Ендеше соларға еру, ұқсау арқылы жаман әдетерден өзімізді қорғай аламыз [1, 49 б].

3. Өз сөзіңнің тұтқыны болма. Әлеуметтік желі нағыз эмоцияны шығаратын мекенге айналды. Бұл мекенде өз шаңырағындағылармен шаруасы жоқ адамдар тұтас бір мемлекетті басқаратын адамдай ақыл айтады. Қоғамда ондай адамдарға қатысты «диван сарапшысы» деген ұғым қалыптасқан. Диван сарапшысы – барлық мәселелер бойынша өзін білімді санайтын субъект, тіпті осы саладағы сарапшы да емес. Басқаша айтқанда, әуесқой адам. Олар негізінен саясат және дін тақырыптарында пікір қалдырады [7]. Ондай адамдар халықты арандатып, саясатқа араластырып, қоғамда бүлік орнатуы мүмкін. Ал, бүлік – мемлекетке зияны көп, ең жаман әрекет. Бұл турасында құранда: «Әсілі, елдің шырқын бұзатын бүлік – соғыстан, кісі өлтіргеннен бетер», [8] – деген. Алла бүліктің зиян-зардабын соғыстан, кісі өлтіргеннен жаман екенін айтып отыр [9].

Жоғарыда атап өткеніміздей ақпараттық технологиялар мен әлеуметтік желілердің мемлекетіміздің дамуына көп пайдасы тиіп жатыр. Алайда бұл құралдардың зиянынан сақтануымыз қажет. Шектен тыс қолдану немесе қолдану әдебін сақтамау адамның иманына, абыройына, денсаулығына, жанұясына, мемлекетінің амандығы мен қоғамның тыныштығына тигізер зияны көп. Қолдану барысында ислам этикасын басшылыққа алу арқылы өзімізді сол құралдардан келетін қауіп-қатерден сақтаймыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1) Анарбаев Н., Бағашаров Қ. «Ислам этикасы (ахлақ)» - Алматы: 2018.
2) Анарбаев Н., Әкімханов А. «Құран кәрім» - Алматы: Көкжиек, 2015. әл-Хужурат сүресі, 12-аят.
3) Мүслим. Бирр, 32.
4) «Жұма мінбері» Әбсаттар қажы Дербісәлі редакциясымен - Алматы: ҚМДБ, 2012.
5) Бұхари. Әдәб, 77.
6) Тарғиб пен Тәрхиб: 5/248.
7) «О диванных экспертах». http://vm.ru54.com/sofa_expert/
8) Анарбаев Н., Әкімханов А. «Құран кәрім» - Алматы: Көкжиек, 2015 - Бақара сүресі, 191-аят.
9) Қонарбайұлы А. «Онлайн өмірдің 10 зардабы».
http://islam.kz/kk/articles/islam-jane-qogam/onlain-omirdin-10-zardaby-1696/#gsc.tab=0
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Философия және
саясаттану факультеті,исламтану
мамандығының 1-курс магистранты
Билекен Сәндібек
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушы,
PhDМұқан Нұрзат
Сәндібек Сәндібек
5 лет назад 3168
Комментарии закрыты.
О блоге