Жаңа туған балаға ат қояр кезде нені ескерген жөн...
Жаңа туған балаға ат қояр кезде нені ескерген жөн...

 

Қазақ халқында шыр етіп дүние есігін ашқан сәбиге есім беру рәсімі бар. Бұл рәсім Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с) сүннетінен бастау алады. Сондықтан азан шақырып, ат қою – халқымыздың мұсылмандық жоралғыларының бірі.

«Әр елдің салты басқа» демекші сәбиге ат қою мәселесінде әр ұлттың өзіне тән дәстүрі болады. Сол сияқты халқымыздың ат қоюда да өзіндік ұстанымдары бар. Ел арасында аты мәшһур батырлар мен кемеңгер даналарға ұқсасын деп солардың есімдерін қою үрдісі кең тараған. Дегенмен есім таңдау кезінде кейбір мәселелерді ескерген жөн.

Есім таңдауда жағымды, көркем есімдер таңдау керек. Бір хадисте Алла елшісі (с.а.с): «(Балаларыңа) Пайғамбарлардың есімдерін қойыңдар, әрі есімдердің Аллаға ең сүйіктісі – Абдулла («Алланың құлы»), Абдуррахман («Рахманның құлы»)...»[1,16-бет], –  деген. Дана бабаларымыз осы хадиске амал еткендігінің айғағы ретінде Алаш зиялыларының есімдерін келтіруге болады. Ахмет, Әлихан, Мұхаметжан, Жақып, Міржақып сынды Алаш көсемдері атына заты сай бола білді десек жаңылмаған болармыз.

Ат қою кезінде балаға жағымсыз есім беруден аулақ болған жөн. Себебі, жағымсыз есім балаға кері әсер етіп, қоғамда өзін еркін сезіне алмай қысылатындай жағдайға әкелуі мүмкін. Алла елшісі Мұхаммед (с.а.с) жаман есімдерді ұнатпайтын. Кейбір хадистерде келгендей Пайғамбарымыз (с.а.с) есімі жағымсыз мағына беретін адамдардың аттарын өзгерткен.

Кейбір есімдерді қоюды шариғат құптамайды. Адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (с.а.с) мағыналары Алла Тағалаға қарсы келетін есімдерді қоюдан тыйған. Мәселен:

а) «Құл» деген мағынаны білдіретін «абдун» сөзін Алла Тағаланың есімі мен сипаттарынан басқа атауларға тіркеуге болмайды. Мысалы, Абдулқағба – «Қағбаның құлы» деген сияқты есімдер.

ә) Алла Тағаланың көркем есімдерін сол күйінде балаға есім етіп беруге болмайды. Мысалы, Алла, Рахман, Ахад, Саттар деген сияқты. Бұл есімдердің алдына «абдун» сөзін  тіркеп қойса болады. Мысалы, Абдулла, Абдуррахман, Абдуссаттар деген секілді.

б) Жын-шайтандардың, кәпірлердің, дінсіздердің көсемдері мен т.б. халық арасында жаман жағынан танылған кісілердің аттарын қою мұсылмандар үшін дұрыс емес. Мысалы, Ібіліс, Перғауын, Ленин, Сталин, Дарвин, Маркс т.б.

в) «Патшалардың патшасы», «Сұлтандардың сұлтаны» деген мағыналарды білдіретін есімдерді қою да дұрыс саналмайды [1,21-бет].

Жазушы Дулат Исабеков бір әңгімесінде балаға ат қоюға келген кезде қазақ халқының шектен шыққанын айтып былай дейді: «Олар дүниежүзілік есімдердің қожасындай оның төбесіне шығып отырып алады да, «мынау ананыкі екен, мынау мынаныкі екен» деп бас қатырып жатпай, қайсысы аузына түссе сонысын алып баласына жапсыра салады. Ол есім жақсы ма, жаман ба, қазақ топырағына үйлесе ме, үйлеспей ме, үйлесе қалған күнде дәл соның баласына келісе ме, келіспей ме – онымен ісі де болмайды. Тіпті, сол өзі құрметтеп отырған адам кім болған, не істеген, ұлты қайсы, қазаққа оның қатысы болып па еді, болмап па еді, оны да ойлап бас қатырып жатпайды. Ат па – ат, сондай біреу болды ма – болды, бола ма – болады, басқасының оған керегі шамалы. Тіпті, әлгі адам бүкіл өмірін қазаққа қарсы жұмсап жүріп сарп етсе де ол оның атын баласына қоюдан тайынбайды. Егер он миллион қазақты аралап шыға алсаңыз дүниежүзіндегі барлық ұлттар мен тайпалардың аттарын түп-түгел кездестіре алатыныңызға кәміл сенемін»[2]. Бұл әңгіме Кеңес үкіметі кезеңін суреттеуде. Ал қазір ше? Тәуелсіздік  алғалы бері елімізде Маркс, Энгельс, Ленин, Сталиндер есімдері жоғалғанымен, олардың орнын мағынасыз басқа аттар басты.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ҚР маңызды оқиғалар өткізілген уақытта балаларға мынадай есімдер қойылғандығын айтуда: Азиада (Азияда) –  57 бала; Саммит, Саммита (Самит, Самита) – 70 бала және 17 қыз есім; Нұрлыжол –  16 ер есім; Нұротан – 10 ер есім; Байтерек –  28 ер есім; Мәңгілік –  2 ер есім және 2 әйел есім; Теңге –  10 әйел есім; Ақорда –  3 ер есім; Атазаң – 1 ер есімімен 2009 жылы 30 тамызда туылған. 2017 жылы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өткізілген уақытта Байдібэкспо деген ер есімі пайда болды. Тәуелсіздік жылдарында 17 адам «Астана» есімімен аталған, оның ішінде 7-еуі ер және 3-еуі әйел есімі [3].

Жалпы балаға ат қою мәселесінде дұрыс есім таңдау – өте маңызды. Балаға ат қойған кезде ырымға, белгілі бір уақиғаға қарап емес, Пайғамбарымыз (с.а.с) хадистерінде айтып өткендей, ізгі, жақсы мағынадағы есімдерді қою керек. 

1. ҚМДБ. «Дін мен дәстүр» ІІ кітап (тал бесіктен жер бесікке дейін). Астана, 2017 – 176 бет.

2. Дулат Исабеков. «Бонапарттың үйленуі».

3. http://holanews.kz/view/news/32079

 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Философия және

саясаттану факультеті, исламтану

мамандығының 1-курс магистранты

Билекен Сәндібек

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушы,

PhD, Мұқан Нұрзат

 

 

 

Сәндібек БилекенСәндібек Билекен
20 күн бұрын 919
Пікір білдірілмейді.
Блог туралы